Байқаудың мақсаты

Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз дәстүрлі ән-күй, термелерді одан әрі дамытып, бүгінгі күн талабына сай түрлендіре отырып, өскелең ұрпаққа насихаттау.

«Мен Қазақпын» аталатын байқау арқылы тәрбиелік мәні зор ұлттық рухани мұрамыз – ән мен күйді, терме, толғауларды орындаушы жастардың шеберлігін шыңдап, көпшілікке таныстыру, сондай - ақ қазақтың әр аймағында қалыптасқан өнер мектептерінің таңдаулы туындыларын дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасының ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан РТРК» АҚ бірлесіп Республикалық телевизиялық байқау өткізеді.

Мазмұны

Еліміздегі дәстүрлі әнші,термешілер мен күйшілердің арасындағы ұлттық өнерімізді дамыту мақсатында алдын-ала байқаудың Ережесі жасалып, бекітіліп, әлеуметтік желілерде, kaztrk.kz сайтында, арнадан арнайы анонстар жіберіліп, өңірлерге таратылады. Әрбір облыс орталықтарында іріктеу турлары өткізіліп, іріктелген жүйріктер Республикалық телевизиялық байқауға жолдама алып, Астана қаласында бас қосады. Жанр бойынша әр аптада 2 термеші, 2 дәстүрлі әнші, 2 жұп күйшілер бақ сынасады. Әр қатысушыға шамамен (термешілер мен күйшілерге 3-5 минут, әншілерге 5-7 минут) уақыт беріледі.

Әрбір қатысушының өнерін бағалау үшін елімізге танымал дәстүрлі әншілер, термешілер мен күйшілерден, құралған (еліміздің әр аймағын қамту мақсатында қазылар іріктелу керек) қазылар алқасының құрамы бекітілу керек.

Қазылар алқасының шешімі бойынша үздік деп танылған өнерпаз келесі айналымға жолдама алады.