Байқау шарттары мен үміткерлерге қойылатын талаптар
Байқауға Қазақстан Республикасында тұратын 18 бен 40 жас аралығындағы, қазақ композиторларының және халық әндерін домбыра, қобыз, сырнай аспаптарының сүйемелдеуінде орындайтын өнерпаздар қатыса алады.
Байқауға қатысу үшін облыстық, қалалық мәдениет басқармалары, концерттік ұйымдардың дирекциясы мен көркемдік кеңесінің, мәдениет, оқу орындарының педагогикалық кеңестерінің ұсыныстары болуы қажет.
Үміткер әр өңірдің дәстүрлі халық әндері және халық композиторларының әндерінен екі шығарма жатқа орындайды. Әр кезеңде үміткерге әндерін орындауға берілетін уақыт 5-7 (бес-жеті) минут. Ол алдын-ала көрсеткен шығармалар тізімін өзгерте алмайды.
Бір ән, терме, күй үміткердің таңдауы бойынша халық әндері, халық композиторларының шығармасынан және екінші шығарма өз таңдауы бойынша еркін тақырыпта орындалады.
Байқауға қатысатын үміткерлердің сахналық киімі қазақы үлгімен тігілген, бүгінгі заманға сай болғаны дұрыс. Облыстан жеңіп шығып Республикалық байқауға жолдама алған үміткерлерді телевизиялық байқауға түсіру барысында әр үміткерді қолдаушы жергілікті дәстүрлі өнерді насихаттаушылардан құралған қолдаушы топ болуы керек. Олар қазіргі қазақ дәстүрін насихаттап жүрген балуан, аңшы, құсбегі, зергер, әнші, күйші т.б. өнер иелерінен құрылуы шарт. Олар сахнада отырады. Олардың да киген киімі, жүріс-тұрысына баға беріледі. Әр байқауға қатысушыларға қолдаушылар өнер көрсеткенде дем беріп, қолдау көрсетіп отырады. Байқау шарты бойынша жеңімпаздарды анықтау сәтте әр өңірдің байқауды ұйымдастырудағы белсенділігі, ұлт өнерін дәріптеуге қосқан еңбегі ескеріліп, өнерпазбен бірге облыстық мәдениет басқармалары да марапатталады.
Сахна декорациясы ұлттық нақышта жасалған жартылай киіз үй тәріздес болғаны дұрыс. Бірақ, заманауи үлгіде болғаны абзал. Іріктеу турларына біркелкі сахналық декорация үлгісі әзірленіп, өңірлерге жіберілетін болады. Әр өңірдегі сахна декорациясы жергілікті ұйымдастырушылар тарапынан әрленеді. Байқау соңында сахналық безендіру де бағаланып, арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Үміткерлердің тапсыратын құжаттары
- жеке бас куәліктерінің көшірмесі
- өмірбаяны
- сапасы жақсы электронды нұсқадағы суреті
- әр кезеңде орындалатын шығармалар тізімі
Конкурсқа қатысушылардың өтініштері конкурстың басталуынан 20 күн бұрын жергілікті жердегі ұйымдастырушылардың электронды адресіне жіберілуі тиіс.